Қоғам белсенділері Қазақстанның дамуы туралы мәлімдеме жасады

Бір топ қоғам белсенділері елді реформалау бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Қозғалыс құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және заңгерлер бар:Арман Шораев, Бақытжан Бұхарбай, Бақытжан Тореғожина, Жохар Өтебеков, Ермұрат Бапи, Дина Елгезек, Досым Сәтбаев, Қарлығаш Еженова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Санжар Боқаев және Тоғжан Қожалиева.

— Біз, түрлі салада қызмет етіп жүрген, елімізде қазір болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырған Қазақстан азаматтары, қалың жұртшылық пен еліміздің басшылығына мемлекетіміздің болашақтағы құрылымы туралы ұсыныстарымызды жеткіземіз. Баршамыз «қанды қаңтар» трагедиясының куәсі болдық. Оған елде орнаған қатал да әділетсіз автократиялық режим түрткі болғаны анық. Адам құқықтары тапталып, демократияның барлық институттары жойылды. Біз мұны қатал сынға аламыз. Қаңтар құрбандарының қаны текке төгілді демес үшін, біз еліміздің болашағына байланысты өз көзқарастарымызды жеткізгіміз келеді. Кез келген мемлекеттің дамуы мен әлеуетін экономика да, технология да, әскери күш те анықтай алмайды. Мұның барлығы – тек дамыған адами капиталдың салдары ғана. Жалпы адамзатқа тән бірнеше негізгі қағида бар, соларды сақтаған жағдайда ғана адами капиталдың дамуы мен әлемге тарыдай шашылған дарынды отандастарымызды елге қайтаруды барынша қамтамасыз ете аламыз, — делінген мәлімдемеде.

Басты қағидалар:

Бостандық – бұл құндылықтардың негізі. Бұл – еліміздің, ата-бабамыз бен ұрпағымыздың сан жылдық арманы. Бұл – БАҚ бостандығы, шерулер мен жиындар бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, өз пікіріңді еркін білдіру бостандығы, ар-ұждан бостандығы, діни сенім бостандығы және, ең бастысы, сайлау бостандығы мен адал әрі бәсекелі сайлау нәтижесі бойынша сайлану бостандығы.

Әділеттілік – бірлік пен тиімділіктің негізі. Әділеттілік – серіктестіктің негізі, ертеңгі күнге, бір-бірімізге деген сенім, төзімділік пен толеранттылық, бұл кез келген дамыған қоғамның өмір сүруінің негізі.

Мүмкіндіктер теңдігі – бұл адамдардың өз әлеуетін аша білуінің негізі. Мүмкіндіктер теңдігі – бұл ұлтқа, діни сенімге, жынысқа, әлеуметтік статус пен тілге қарамай саяси әрі экономикалық мүмкіндіктердің теңдігі. Мүмкіндіктер теңдігі – бұл Қазақстан азаматтарының табыс көрсеткішіне қарамай медициналық жәрдемді теңдей алу мүмкіндігі. Бұл – барлық азаматтардың қызметіне, статусына, атағына қарамай заң алдындағы теңдігі. Бұл – адамдардың сеніміне лайық азамат қана жеңіске жететін саяси күрестегі теңдік.

«Ел болашағының» негізгі 5 талабы:

1. Сайлауға қатыса алатын жаңа, оның ішінде оппозициялық, саяси партияларды әділ және ашық тіркеу, партияларды тіркеу шегін төмендету және партиялық бәсекелестікті қамтамасыз ету.

2. Пропорционалды мажоритарлық жүйе қағидаты бойынша кезектен тыс парламент сайлауы жариялансын. «Бейбіт шерулер, митингілер мен шерулер өткізу бостандығы туралы» Заңның құрылуы.

3. Шығарылған капиталды елге қайтарудың әділ процесін бастау және бұл қаражаттың отандық экономикаға жұмыс істей бастайтын механизмін қамтамасыз ету.

4. Судьялар және сот жүйесі туралы жаңа заңдарды және олардың нақты тәуелсіздігіне кепілдік беретін сөз бостандығы туралы заңдарды жасау.

5. Орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынастарды олардың тәуелсіздігі мен оны сайлаған халық алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында реформалауға мүмкіндік беретін «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң жасау.

Айта кетейік, үндеуді қолдайтын азаматтар осы құжаттың астына қол қоя алады.