Путинге қарыз болдық деген бос әңгіме – Тоқаев

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында «Қаңтар оқиғасына» қатысты сұрақтар қойылып, мемлекет басшысы жауап берді. Сондай-ақ, президент ҰҚШҰ бітімгерлік әскерлерін шақырғаны туралы айтып берді.

— Путинге қарыз боп қалдық деген бос әңгіме. Оны доғару керек. ҰҚШҰ әскері Ресейдің жеке әскері емес. Қазақстан егемен мемлекет. ҰҚШҰ ортақ ұйым. Мүше ұйымдар Қазақстанға қол ұшын берді. Лаңкестер Алматыны қиратып, басқа қалаларға қауіп төндірді. Талдықорғанда, Таразда, Қызылордада баскөтерулер болды. Олар, тіпті, Ақорданы басып алуды жоспарлаған. ҰҚШҰ әскерлерін шақыру – дұрыс шешім. Олар елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Қалған шаруаны өзіміздің әскерлеріміз істеді, — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлердің үтік басып қинаған Азамат Батырбаев туралы хабардар екенін де жеткізді.

— Бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтар менің атымнан бейнеүндеу таратып жатыр. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырма бердім. Бас ал десе, шаш алуға болмайды ғой, — деді Тоқаев.