Тоқаев Рамазан айының басталуымен құттықтады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
— Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы күндерде азаматтарымыз рухани тазарып, жан дүниесін жаңғыртады, жақсылық жасайды. Рамазан айында имандылық, жанашырлық және мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтардың қадірі арта түседі.
— Исламның гуманистік идеалдары еліміздегі береке мен бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін маңызды рөл атқарады.Біз халқымыздың ырыс-ынтымағының арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басамыз. Қасиетті ораза айында бүкіл мұсылманның жүрегін қуаныш кернеп, жұртымыз татулық пен тыныштыққа бөлене берсін! Барша азаматтарымызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, — делінген құттықтауда.
1 сәуірде мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады. Бас мүфти 2022 жылы ҚМДБ бастамасымен «Ислам – бірлік пен ынтымақ діні» тақырыбына арналғанын хабарлады.