Қазақстанда таяудағы 5-10 жылда энергетикалық дағдарыс туындауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы мәлімдеді.
«Хабар 24» мәліметінше, Талғат Темірханов қазір елімізде 60-тан астам электр станциясы бар, олардың 90 пайызы тозғанын айтты.
— Бақытымызға орай, біз бұл жылыту маусымын және жалпы қысты апатсыз өткердік. Мен қазір Петропавлдағы жағдай туралы айтпаймын. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, жылдан жылға кіші апаттар саны өсуде. Бұл біздің әлі де қауіпті жағдайда жұмыс істейтінімізді білдіреді. Алдағы 5-10 жылда желілердің, жылу желілерінің тозу мәселелерімен айналыспасақ, апаттар ұлғайып, қалалар мен моноқалалар үшін айтарлықтай күрделі сын-қатерлер туындауы мүмкін, — деп атап өтті Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов.
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда Петропавл қаласының 2-ЖЭО-да алғашқы түтін мұржасы құлады. Оқиғадан кейін бір тәуліктен астам уақыт ішінде құтқарушылар кәсіпорын маманын іздеді. 22 наурызда 38 жастағы ЖЭО-2 қызметкерінің денесі үйінділердің астынан табылды. СҚО прокуратурасы болған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.