Шымкент полиция департаментінің ресми өкілі өзіне қол салмақ болды

Журналист, Шымкент қаласы полиция департаментінің енді экс-ресми өкілі Мөлдір Бекеева департаментке басшы болып келгеніне көп болмаған Қайрат Дәлбековтың қылмыстық істерін жүзеге асыруға атсалыспағаны үшін оның тарапынан қудалауға ұшырап, психологиялық қысым көргендіктен өз еркімен жұмыстан кетіп, өзіне қол салмақ болған. Бұл туралы журналисттің Facebook парағына жариялаған хатында айтылады.

Мөлдір Бекеева қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде комада жатқаны, жағдайы тұрақты ауыр екені хабарланды.

Хатта «Қайрат Дәлбеков экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, жемқорлық әрекеттерімен аты шыққан» делінген.

Журналист басшылықтан көрген құқайы, полиция департаментіндегі заңсыздықтар туралы жазған хаттың толық нұсқасы төменде ұсынылып отыр.

«Мен сындым… Сабырым таусылды…

Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң, кеттім!

Қызмет-мансаптың соншалықты адам өмірінен де қымбат екенін бұлай маған ұғындырады деп ойламадым. Адам өз өмірін қалайша қия салады деп ойланатын едім. Енді түсінгендеймін…

Әлеуметтік желілерде тараған беймәлім жала аудиожазбаға барынша шағылмай, бұл да бір Алланың берген сынағы, көтеруім керек деп іштен тынып, сыр алдырмай жүрген едім. Бірақ, жан-жақтан жиналған құзғын кейпіндегі «ер-азаматтар» менің ауырып, саулығым сыр беріп жатқанына қарамай: «Үстіңнен іс қозғалды. Жұмысқа қашан шығасың?» деп мазалай берген соң, бүгін барып жұмыстан кететінім жайлы арызды жазып, тастап кеттім.

Әділдік үшін соңына дейін күресуге болар еді… Бірақ, ол кісі – «мықты», арқасында «МЫҚТЫ» адамдар тұр! Жалғыз өзім не істей аламын? Соңғы жазбамда өзге де жастар менің қазіргі мүшкіл жағдайыма түспесін деп, мені осындай күйге жеткізген адамдардың іс-әрекеттерін ашық жазып кеткім келді…»