Тоқаев Жанат Элимановқа тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Кездесу барысында президентке агенттіктің биылғы бірінші тоқсандағы қызметінің нәтижелері туралы баяндалды.

АФМ басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 552 қылмыстық іс қозғалды, олардың жартысынан көбі — ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша. ҰҚТ құру фактілері бойынша сотқа дейінгі 14 тергеу басталды. Мемлекетке келтірілген шығын сомасы 62 миллиард теңгені құрады.

Жанат Элимановтың айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Кеден саласында 34 қылмыстық іс қозғалды. Декларацияға енгізілмеген тауарлардың жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға бөлінген 20,5 миллиард теңге қаржыны жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.

Агенттік төрағасының айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінеді. «Тариф» жобасы аясында коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтердің негізсіз өсу деректерін анықтау және монополиялардан арылту жұмыстары жалғасуда.

Фото ашық деректерден