Бас прокуратура тәртіпсіздіктерге қатысқандарға ақша төленгенін мәлімдеді

Бас прокуратура Талдықорғандағы қаңтар көтерілісіне қатысқандарға 20-дан 100 долларға дейін төленгенін мәлімдеді.

— Алматы облысында тәртіпсіздіктерге қатысушыларды қаржыландырған, сондай-ақ азаматтардың мүлкіне зиян келтіруге және мемлекеттік объектілерді басып алуға ықпал еткен О. және Н.азаматтары анықталды. Тәртіпсіздікке қатысқаны үшін бір адамға 20-дан 100 долларға дейін төленген. Бұл фактілер тергеу барысында анықталды және тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген адамдардан жауап алумен расталады, — деп хабарлады Елдос Қилымжанов ОКҚ брифингінде.

Сондай-ақ, 4 қаңтар күні Алматыда Telegram арнасын құрған Жамбыл облысының тұрғыны анықталды. Telegram арнаға бірнеше сағат ішінде бірнеше мың жазылушы жиналған.

— Осы Telegram-арна арқылы қатысушылар баррикадалар жасау, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсету және ғимараттарды басып алу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық алған. Кейін 5 және 6 қаңтарда аталған арна арқылы Жамбыл облысының мемлекеттік объектілеріне шабуыл жасау туралы ақпарат таралды. Дәлелдер бар. Күдікті анықталып, қамауға алынды, — деді Қилымжанов.

Фото ашық деректерден