Димаш, Шавхат, Мбаппе: Атыраулық суретші танымал тұлғалардың портретін салады

Атыраулық суретші әлемге танымал Димаш Құдайберген, Шавхат Рахмонов, Килиан Мбаппе секілді жастардың портретін салып жүр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Жас суретші Исатай Майемеров Махамбет ауданының Жалғансай ауылында тұрады. Отбасындағы бес баланың бірі 2014 жылы Маңғыстау облысындағы өнер колледжін суретші, кейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бітірген.

Қазір өзі тұратын ауылдағы «Шалқыма» мәдениет үйінде суретші болып жұмыс істейді. Ауыл балалары үшін сурет үйірмесін ашқан. Онда 12 бала дәріс алады.

«Сурет салуға қызығушылығым балабақшада басталған еді. Мектепте түрлі сурет байқауына қатыстым. Мен мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Өйткені, жүрегім осы мамандықты қалады. Атақты суретші Пабло Пикассоның «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» дегені бар. Мен де жүрекпен сезінгенімді ақ қағазға түсіремін. Сурет салған кезімде демаламын», — дейді Исатай Майемеров.

Ол аудандағы мекемелердің, балабақшалардың қабырғасын безендіреді. Әлемге танымал тұлғалардың, әсіресе жастардың портретін бейнелегенді ұнатады. Оның коллекциясында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің, жекпе-жек шебері Шавхат Рахмоновтың, француз футболшысы Килиан Мбаппенің портреті бар.

Сондай-ақ табиғат көрінісін де ақ қағазға түсіреді. Тарихи картиналары да бар.

«Суретшілік – табиғатынан талант дарыған жандарға берілетін кәсіп. Бейнелеу өнері адамды тылсым әлемге жетелейді. Суретшілікті кәсіп көзіне айналдырып жүрген өнер адамы аз емес. Исатай Майемеровтің де кәсібін нәсібіне айналдыруға мүмкіндігі бар. Өнерлі жасты қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беретін конкурсқа қатысуға кеңес бердік. Біз үшін ең бастысы – осындай талантты жастардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау», — дейді «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Жексенбай Пазулов.