Неліктен алдағы үш айда теңге бағамын болжау мүмкін емес?

Ұлттық валюта неге әлсіреп жатыр және таяу арада оның тұрақтылығына қауіп қайдан?

Өткен аптада доллар бағамы психологиялық белгіден өтіп, 500 теңге болды. Ұлттық банк интервенция жасап, болашақта алыпсатарлардың қысымына жол бермеуге уәде берді. Сарапшылар реттеуші валюта нарығындағы «өртті сөндірді» деп есептейді. Соған қарамастан теңгенің жағдайы қалай боларына болжам жасау қиын, себебі оған мұнай бағасының түсуі және Трамптың АҚШ президенттігіне кірісуіне орай әлемдік экономикадағы жағдайдың ушығуы салдарынан қауіп төніп тұр.

Биылғы жылдың мамыр айынан бастап теңге 20%-ға дейін құнсызданып, 1 доллардың құны 520 теңгеге дейін жетті. Қараша айының өзінде ғана ұлттық валюта 5%-ға құнсызданды. Ұлттық банк базалық ставканы 1 п.т. дейін көтеріп, 15,25% деп белгіледі, сондай-ақ 2022 жылдың мамыр айынан бері бірінші рет 1 млрд долларға интервенция жасады. Артынша инфляция мен экономикалық өсімге қатысты болжамын нашарлатып алды.

Өткен жұмадағы брифинг кезінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуіне алыпсатарлардың қатысы жоқ екенін айтты. Бейсенбі күні доллар саудасының көлемі 770 млн долларға жеткен, алайда Ұлттық банк басшысы мұндай соманы саудаға шығаруға бірде-бір алыпсатардың батылы бармас еді деп санайды.

«Сондықтан бұл алыпсатарлардың қысымы емес. Бұл қысым екені рас және бүкіл нарық теңгенің жаңа деңгейін іздеуі керек, алыпсатарлардың қатысы жоқ», — деп мәлімдеді Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров дүйсенбі күні өткен брифингте теңгенің әлсіреуіне алып келген үш негізгі себепті айтты. Бірінші — доллар индексінің күшеюі, екінші — мұнай бағасының сәл төмендеуі, үшінші — рубльдің әлсіреуі.

Байбазаровтың сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайда үкіметтің басты міндеті — азаматтардың әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге кері әсерді төмендету.

«Власть» сауалына жауап берген сарапшылар да Байбазаров атаған үш негізгі себеппен келіседі. Әйтсе де, олар бағамның әрі қарайғы өсу қарқыны мен әлем экономикасының дамуына қатысты нақты бір нүкте бар екеніне күмәнмен қарайды. Ал нақты болжам жасаудың қиындығы үкіметтің кез келген әрекетінің тиімділігін шектейді.

Freedom Finance Global аналитигі Аңсар Әбуевтің айтуынша, өткен аптада Байбазаров атаған барлық себеп бір арнада тоғысқан. Соның нәтижесінде жаппай доллар сатып алу басталып, Ұлттық банк интервенция жасап, базалық ставка көтерілді. Бұл сценарий кейінгі алты жыл ішінде әр екі жыл сайын қайталанып келе жатыр.

Әбуев қараша айында ресейлік Газпромбанкке қарсы енгізілген санкциялар теңгенің әлсіреуінде маңызды рөл ойнайтынын атап айтты. Оның нәтижесінде Ресей шетел валютасын ұсынатын маңызды қорынан айырылып, тапшылық салдарынан бір бөлігі Қазақстанға өтіп кетуі мүмкін АҚШ валютасына сұраныс артты. Алайда теңге бағамы бұған дейін де әлсіз болатын.

«Ұлттық банктің валюта нарығына қатысты жазбасында келтірілген дерекке сүйенсек, қазан айында Ұлттық қордан 1,36 млрд доллар сатып алынған. Соған қарамастан, осы кезеңдегі теңге бағамы 1%-ға түскен», — дейді Әбуев.

Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, кейінгі уақытта теңгенің күрт әлсіреуі жыл басында оны шектен тыс күшейтумен көбірек байланысты. Мамыр айында шынайы құны 465 теңгеге жақын болғанына қарамастан, доллар 440 теңгеден сатылған.

«Сенбі күні сарапшылардың қатысуымен өткен жиналыста Ұлттық банк мұның негізгі факторларға жауап бермейтін теңгенің шамадан тыс күшеюі екенін айтты. Бұл Ұлттық қордан алынатын трансфертті пайдаланудың жеделдеуіне орай туындады. Жыл бойына деп жоспарласа да, ол шілденің аяғында бітіп қалды», — дейді сарапшы.

Трансферт көлемі азайғаннан кейін 1 доллар 470 теңгеге дейін секірді де, ақырындап көтеріле бастады. Оған жергілікті және сыртқы нарықтағы жағдай әсер етті. Сол кездің өзінде де доллардың шынайы құны 485 теңгеге жақын болды.

Темірхановтың сөзіне қарағанда, теңгеге қысым жасаған келесі фактор АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі. Сайлау алдындағы науқан кезінде Трамп мұнай бағасын барреліне 40 долларға дейін түсіріп, импортқа тариф қоюға уәде берген болатын.

Қарашаның соңғы күндерінде Газпромбанктің санкцияға ілінуі де ұлттық валюта үшін маңызды үрдісті қалпына келтіріп, теңгенің рубльге байлаулы болуы тағы көрініс берді. Әбуевтің айтуынша, 2022 жылдың шілде айынан бастап теңге Ресей валютасымен өзара байланысын жоғалтқан. 2023 жылдың қыркүйек айында қысқа мерзімге қайта қалпына келген өзара байланыс 2024 жылдың тамыз айында тағы орнады.

«[2024 жылдың тамыз айынан бастап] екі валютаның қозғалысы бірдей болды. Екі валютаның бірдей әлсіреуіне белгілі бір мөлшерде доллардың да әсері бар, өйткені шамамен тамыз айының соңынан бастап әлемдік аренада доллар белсенді түрде өсе бастады», — дейді Әбуев.

Темірхановтың айтуынша, қазір доллардың теңгерілген бағамы шамамен 505 теңге мөлшерінде. Түрлі уақыт аралығында өзгеруі мүмкін болса да, Америка валютасының қазіргі құны да осы мәнге жақын.

Freedom Finance Global сарапшылары бір доллардың 500 теңге болуы Қазақстан үшін «жаңа шындыққа» айналуы мүмкін дейді. Ұлттық банк интервенция жасап, болашақта да солай жасауға уәде беріп, валюта нарығындағы «өртті сөндірді».

«Алайда қазір валюта қозғалысы [болашағы] қалай болатынын тап басып айту қиын. Желтоқсан айында құбылмалық төмендеп, келер жылдың алғашқы екі айында тұрақты болады деп күтеміз, әдетте бұл теңгенің күшейетін кезі», — дейді Әбуев.

Темірханов болса, тіпті қысқа мерзімге, яғни жыл соңына дейін де болжам жасаудың қиын екенін айтып отыр. Бұрын олар жыл соңына қарай доллар 525 теңгеге дейін барады деп күткенімен, қазір аналитиктер болжамды қайта қараудың жөнін таппай отыр.

«Қаңтар-ақпан айларын күтсек деп отырмыз, Трамп сайлау алдындағы уәдесін орындай ма, жоқ па, сол кезде белгілі болады. Мұнайдың жағдайы да сол кезде белгілі болады. Өйткені Қазақстан үшін ең негізгі фактор — мұнай бағасы. Егер ол 60-қа дейін (барреліне 60 доллар — В.) түссе, теңге бағамы мұндай әлсіреуге ұрынбай тұрмайды», — дейді маман.

Дегенмен, Трамптың әрекетінің кері әсері шектеулі болса да, инфляцияның жоғары болуынан теңге әлсірей береді. Жыл соңында инфляция 8,5% мөлшерінде болады. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетін төмендететінін ескерсек, теңгені сатып алу да төмендейді. Мұндайға жол бермес үшін Қазақстанда инфляция деңгейі АҚШ-тағы көрсеткішке сай болуы керек, ондағы көрсеткіш 2% мөлшерінде.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть