Астанада жыл сайын 50 мыңға дейін жұмыс орны ашылады

Елордада жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл мәліметті Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің директоры Олжас Омар айтты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«Бүгінде Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,5% деңгейінде. Жалпы жұмыссыздық көрсеткіші тұрақты және ол жыл санап төмендеп келеді. Біз қабылдаған шаралар жұмыссыздық деңгейін тұрақтылығын ұстап тұруға ықпал етіп жатыр. Айта кетсек, Астанада жыл сайын 40 мыңнан 50 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Индустриалды паркте қаншама жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мұның бәрі жұмыссыздық көрсеткіштерін сақтауға және оны төмендетуге ықпал етеді. Бізге күн сайын жұмыс берушілерден жүздеген өтініш келіп түседі, олар тұрақты жұмыс ұсынады», — деді Олжас Омар қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада 5500-ден астам бос жұмыс орны бар.

Айта кетейік, Астанада кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 24 тамызда сағат 14.30-дан 17.00-ге дейін «Жастар сарайында» Республика даңғылы, 34 мекенжайында өтеді.