Жеңіл атлет Ольга Рыпакова мансабын аяқтады

Олимпиада чемпионы және олимпиада ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері, қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова кәсіби мансабын ресми түрде аяқтады.

Спортшы президент пен спорт басшыларына, жанкүйерлерге сенім білдіргені үшін алғыс айтты.

– Еліме ризамын. Президент пен спорт жетекшілерінен бастап менің ең жас жанкүйерлеріме дейін маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырға және Құдайға алғыс айтамын, – деді Ольга Рыпакова.

Отандық спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Премьер-Министр Әлихан Смайылов спортшыға алғыс хат жолдады.