
«Жүз пайыз кепілдік беремін»: Шекара қызметінің директоры сарбаздың өлімі туралы пікір білдірді
ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Жамбыл облысындағы сарбаздың өлімі туралы іс бойынша түсініктеме беріп, ешқандай зорлау әрекеті болмағанын айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz.
– Тергеу мұндай жәйтқа ықпал етуі мүмкін әртүрлі факторларды қарастырады. Соңында расталағанын айтамыз, ал расталмағаны тергеу мәселесі. Тергеуді біріншіден, ІІМ-нің Бас тергеу департаменті жүргізеді, біздің оған қатысымыз жоқ. Біз бұл тергеу материалдарына да қол жеткізе алмаймыз. Мен түсініктеме бере алмаймын. Тергеу аяқталған соң нәтиже бізге жетеді, кейін шаралар қабылданады. Біз қызметтік тергеу жүргіздік, бірқатар тәртіптік және басқа да шараларды қабылдадық, – деді Алдажұманов.
Оның айтуынша, әскери қызметкердің қазасынан кейін Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы, шекара басқармасының бастығы, оның тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінен босатылған. Сондай-ақ Алдажұманов қаза тапқан әскери қызметкерге қарсы зорлау әрекеті болмағынына 100% кепілдік берді.
– Қорлау туралы нақты фактілер болған жоқ. Зорлау әрекеті де болған жоқ. Мен 100% кепілдік беремін, – деді ол.
Айта кетейік, адвокат ДНҚ сараптамасы кезінде марқұм Бекбол Мираштың денесінен, киімінен екі және одан да көп ер адамның шәуқаты табылғанын айтқан.