Ресейдегі әскери институтта оқыған қазақ сарбазы өз-өзіне қол жұмсады

Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскерлерінің Саратов әскери институтында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери қызметшісінің 3 курс курсанты өз-өзіне қол жұмсады. Қайғылы оқиға 19 ақпанда болған, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, қайғылы оқиға сағат 19:00-де болған. Марқұм сағат 18:00 шамасында Калашников автоматымен кезекшілікке келген.

Куәгерлердің айтуынша, бөлімдегі сарбаздар қару-жарақ сақтайтын бөлменің алдында кезекке тұрған, қару-жарақты тапсырған. Алайда сарбаздардың бірі басқа бөлмеге кіріп кеткен. Кейін қайғылы оқиға орын алды. Суицид нұсқасы қарастырылып жатыр.

– Бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, болған оқиғаның барлық мән-жайы нақтыланып жатыр, – деп хабарлады Росгвардия өңірлік басқармасының баспасөз қызметі.

Ол 2020 жылы «Арыстан» мамандандырылған лицейін бітіргеннен кейін іріктеуден өтіп, «Ұлттық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқу үшін Ресей Федерациясы Ұлттық ұлан әскерлерінің Әскери институтына жіберілген.

ҚР Ұлттық ұлан академиясының қолбасшылығы әскери қызметшінің қаза болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтты.