
Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ға тиесілі тікұшақ «апатты жағдайда қонып», 4 адам мерт болды, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов қаза тапқан азаматтардың балаларына кәмелетке толғанша жұмыста алып жүрген айлық мөлшерінде жәрдемақы төленетінін айтты.
– «Қазавиақұтқару» қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді. Ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар «Қазавиақұтқару» есебінен жүргізіледі. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады. Барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленетін болады, – деді Иманқұлов.
Айта кетейік, бортта 6 адам — 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды. Экипаждың екі мүшесі зардап шекті, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
ТЖД күшімен қаза тапқандардың 4 денесі табылды: әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев.