Елдегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған

Бүгін Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру тақырыбы қаралды, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Үкімет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

– Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленген. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

– Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс, – деп атап өтті Смайылов.

Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды.

«Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбіне арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы биыл 1 сәуірге дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ премьер-министр үш күн мерзімде Үкіметке Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуді тапсырды. Онда уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіру жөніндегі шаралар да қамтылуы тиіс.