Шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында премьер-министр, Ұлттық банк төрағасы мен бірнеше өңір әкімі есеп беріп, үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады.

Президент Үкіметтің сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмағанын айтып, Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмағанын атап өтті.

– Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бағаның өсуі мен халықтың күн көруі қиындап бара жатқанын айтты.

– Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін, – деді ол.

https://t.me/kzexclusive