Маңғыстау облысында жантүршігерлік оқиға орын алды

Маңғыстау облысында өздіктерінен асылып өлу белгілері бар 4 мәйіт табылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

– 11 желтоқсан күні сағат 19.45 шамасында Мұнайлы ауданының полиция бөліміне Мұнайлы ауданында өздіктерінен асылып өлу белгілері бар 4 мәйіт табылды деген хабарлама келіп түсті. Бұл шақыруға жедел-тергеу тобы барды. Өздіктерімен асылып өлген 38 жастағы ер адам, сондай-ақ 8 жастағы, 4 жастағы және 10 айлық балалар анықталды. Тексеру барысында Б. есімді азаматпен жіберілген аудиожазба анықталды. Ол жұбайы Д. есімді азаматшаға өлетінін және балаларын өзімен бірге алып кететінін айтқан. Бұл оқиға отбасылық жанжал негізінде орын алғандығы және бұл адамдардың ажырасқалы жатқандығы белгілі болды. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де тұрақты жұмыс орындары болған. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді. Бұл ретте көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатындығын ескертеміз, – деп жазылған хабарламада.

Полиция ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.